Биыл тарих парақтарына алтын әріппен жазылған Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Осынау жылдар ішінде жас Қазақстанымыз жан-жағына үздік үлгі көрсетіп, жасампаз елге айналып үлгерді. Айтар ауызға жеңіл болғанымен, бұл жетістіктердің астарында үлкен еңбек, келелі келісімдер, сындарлы стратегия жатыр.
Ең алдымен егемен еліміздің тату-тәтті, бейбіт жағдайда өмір сүріп келе жатқаны – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы. Көреген көшбасшы ХХІ ғасырдағы Қазақстанды талантты, еңбекқор, толерантты тұлғалармен тұтастырып, бақытты қоғам құруға бар қажыр-қайратын жұмсады. Бұл – шын мәнінде бәріміздің мақтан тұтатын ортақ жемісіміз.
Қазақстан бүгінде көптеген этнос пен конфессия өкілдерінің туған үйіне айналып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы еліміздегі ауыр жағдайды бастан кешіре отырып, 1992 жылы Елбасының айтқан идеясының негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясы атты жаңа институт өмірге келді. Содан бері ұлттық саясаттың арқаулық қағидаты – Қазақстандағы барлық этностар мен конфессиялардың тең құқықтарының сақталуы қағидаты ешқашан да назардан тыс қалған емес. Біз қоғамдық тұрақтылықты, этносаралық келісімді қамтамасыз етуде, қазақстандық біртұтастық пен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда өз моделімізді жүзеге асырып келеміз.
Ассамблея идеясын санасына сіңірген, қиын-қыстау тарихи кезеңдерден бірге өткен аға буын үшін келісім мен бірлік – өмір негізі. Ендігі жерде бұл ұғымдардың қасиетін өскелең ұрпаққа, еліміздің келешек иелеріне түсіндіру, бойларына дарыту – алдымызда тұрған міндет. Жоғары оқу орындарында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедраларының ашылғандығы осы бағыттағы жұмыстың дұрыстығын көрсетеді. Сонымен қатар барлық этномәдени бірлестіктердің жанынан «Аналар кеңесі» құрылып, ұлттың тәрбиесіне баса мән беріліп отыр. Елбасының тапсырмасымен қоғамдық келісім комиссиялары үлкен ұжымдарда, қалалық, аудандық, ауылдық округтерде құрылып, жергілікті азаматтардың жауапкершілігін арттыруда. Елбасының ақыл-ойының тереңдігі мен саяси алғырлығынан туындаған институт ретінде Ассамблея Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға белсенді қызмет етіп келеді.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі мен өкілеттігі өсті. Біздің көпэтносты еліміздің барлық халқының мүдделерін көздей отырып, Ассамблеядан сайланған депутаттар Қазақстандағы этносаралық бітім мен келісімді нығайту үдерісіне өз үлестерін қосуда және «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» идеяларын жүзеге асыруға айрықша мән беруде. «Мәңгілік ел» идеясының өмірлік шындыққа айналуы үшін барша қазақстандықтың бойына азаматтық патриоттық сезім ұялатуда Ассамблеяның атқаратын қызметі ұшан-теңіз. Халық бірлігін сақтап, достығын дәнекерлеуде алатын орны ерекше. Ассамблея көптеген дәстүр мен мәдениетті бір арнада тоғыстырған біздің ортақ үйімізге айналды. Тәуелсіздікпен бірге жасап келе жатқан, әлемге Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім үлгісі ретінде танылған Ассамблеяға игілікті істер, баянды бастамалар тілейміз. Қазақ халқының айналасына жұдырықтай жұмылған Қазақ елінде тұратын барша азамат еліміздің келісті келісімін, жарасымды бірлігін көзінің қарашығындай сақтап, алда тұрған ұлы мақсаттарға бірлесе бет алуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы негізін қалаған келелі істі кемеліне жеткізуге айрықша мән беріп отыр. Халық ынтымағын нығайтып, ел бірлігін сақтау мемлекеттік дәрежедегі маңызды тетік болып қала береді. Біз – үлкен бір отбасының мүшелеріміз. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде татулығымызға сызат түсірмей, қандай сын сағатта да бірлігімізден ажырамай келе жатырмыз. Соның арқасында ішкі, сыртқы саясаты мығым мемлекет құра білдік. Әлем өзгеріп жатыр, жаңа заман біздің дамып келе жатқан жас мемлекетімізден жаңа қадамдар, батыл шешімдер талап етеді.
Қазақстан қашаннан да халықтар достығының алтын бесігі саналады. Айрандай ұйыған татулық пен бірліктің, ынтымақ пен берекенің ұйытқысы бола білді. Қазақ халқы – өзінің даласының кеңдігіндей, бабасының өрлігіндей дархан халық. Тағдырдың түрлі сынағын бастан кешкен халықтар жан-жақтан ағылып келгенде, бауырмалдық танытып, барша жұрттың баласына құшағын кең ашты. Олар қазақ даласында өсіп-өркендеп, кеңге қанат жайды. Сан тарау тағдырлар көктемде бүр жарған гүлдей осы құтты даладан бақыт тапты. Қасиетті қазақ жазирасын мекендеген барша қандастарымның арманы, бәріміздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанымыздың гүлденуі, болашақ ұрпақтарымыздың жарқын өмірі.
Сөз басында айтып өткенімдей, өмір ағысы мүлде басқа арнаға бұрылды. Жаһандық сын-қатерлер адам баласын тығырыққа тіреп, өмір сүруді қиындатты. Мұның бәрін жеңетін қуатты күш – татулық пен бірлік. Ең бастысы, осы құндылықты біздің мемлекетіміз барынша сақтап, аялап отыр. Әр істің байламын тереңнен тарқататын қазақ елі: «Бетеге кетсе бел қалар, бірлігің кетсе нең қалар?» деген сөзді жайдан-жай айтпағаны анық. Зерделеп қараған жанға береке бірліктен, тату тірліктен асқан байлық жоқ.
Тарих беттеріне зер салсақ, басына қысылтаяң күн туғанда тарыдай бытырап келгендерді қонақжайлықпен қарсы алуы қазақ жұртының жүрегінің дариядай кеңдігін аңғартса керек. Олар осы жақсылықтың барлығын алғыс алу үшін емес, адамдар арасындағы ізгілік пен жанашырлықтың керуені тоқтамасын деп жасады. Ендеше, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейтін хакім Абай сөзінен терең тамыр алған әр қазақстандық обал мен сауаптың, жақсы мен жаманның парқын бір кісідей біледі. Өзіміз бақытты ғұмыр кешіп отырған тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын болсын!
Князь МИРЗОЕВ,
Қазақстан күрдтері «Барбанг» қауымдастығының төрағасы, академик
© egemen.kz
Оставайтесь на связи