Филология ғылымдарының докторы, белгілі қазақстандық шығыстанушы, әдебиет сыншысы, Орталық Азиядағы ең ірі лингвисттердің бірі, күрд ұлтынан шыққан ғалым Князь Ибрагимұлы Мирзоев қазіргі таңда «Барбанг» күрдтер қауымдастығының төрағасы. Арменияда дүниеге келгенімен де, соңғы онжылдықтарда Қазақстанда қызмет етіп келеді. «Мәдениет порталының» тілшісі Жомарт Жылкелдіұлы қоғамның гуманитарлық дамуының барлық мәселелерін басшылыққа ала отырып, күрд халқы жайлы және Қазақстандағы олардың жағдайы турасында Князь Ибрагимұлымен сұхбаттасып еді.
Князь Ибрагимұлы Мирзоев, «Барбанг» Күрдтер Қауымдастығының төрағасы
Ж. Ж.: Князь Ибрагимұлы, әуелі бізден сұхбастасуға келісім бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Көңіл-күйіңіз қалай?
К. М.: Көңілім бірқалыпты. Еліміз тыныш, жұртымыз аман. Одан артық Қазақстан азаматы үшін қандай бақыт керек?! Әр атқан таң сайын Құдайға осындай ғажап елде күн кешіп жатқаным үшін алғыс айтамын. Көңілімнің тыныш болғаны, елімнің аман болғанынан.
Ж. Ж.: Жауабыңызға рақмет Князь мырза. Біз де өзіңіздей еліміздің патриот азаматын көргенімізге қуаныштымыз. Олай болса сіздің рұқсатыңызбен негізгі сұрақтарымызға көшсек: Күрдтер — Таяу Шығыстың ежелгі халықтарының бірі. Күрдтер Түркия, Иран, Ирак, Сирия аумағында өмір сүреді. Осы мемлекеттермен шектесетін Ауғанстанда, Арменияда, Грузияда, Әзірбайжанда да тұрады. Сонымен қатар постсоветті Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерге де қоныстанған. Соның ішінде Қазақстанға келген күрдтер мен оларды қарсы алған қазақ халқының алғашқы реакция қандай болды?
К. М.: Курдтер – белгілі академик, шығыстанушы Иосиф Орберидің «Шығыс рыцарлары» деп атағанындай айбынды һәм ержүрек халық. Күрд халқы өздерінің тарихи атақоныстарында өмір сүрсе де, Ирак, Иран, Сирия, Түркия сынды мемлекеттердіңгеографиялық кеңістігінде бөлшектене мекендеп келеді. Яғни, күрд халқының өзге этностармен қоян-қолтық араласа өмір сүруі тарихи факторлар әсерінен қалыптасқан жағдай деп айтқым келеді. Мысалы, Османлы империясының ыдырауы салдарынан күрдтердің көп бөлігі Түркия топырақтарында қалып қойды. Дегенмен өткен жүзжылдықтың 20-шы жылдары Түркиялық түріктер мен күрдтердің арасында халқымыздың дербес автономия құру талабына орай бітіспес қақтығыстар мен кикілжіңдер басталды. Менің қандастарымның көпшілігі геноцидке ұшырамау үшін басқа өлкелерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Осылайша босқындар, оның ішінде менің әке-шешем де бар, Әзербайжанға, Грузияға, Арменияға орналасты.
Сонымен қатар 1937 жылы Сталин күрд халқын қайта орналастыруға шешім шығарды. Кеңестік курдтерге Түркия тыңшылары тұрғысында күдікпен қараған КСРО-да керағар пікірлер мен көзқарастар көп зардабын тигізді. Бұлайша күдіктенуге күрдтердің басқа елдердегі туыстарымен сауда-саттық байланыстарының болғандығы себеп болды. Бірақ бұл айыптаулар тек қана жалған болжамдарға, шеттен тыс өріскел күдікшілдікке негізделген еді. Ақырында, Сталин біздің халқымызды басқа өнірлерге депортациялау туралы шешім қабылдады. Осының салдарынан сол жылдардың құжаттарында Кавказ өңірлеріндегі «кеңестік мемлекеттік шекаралық бөліктерін тазалау» деп айтылғандай іс-шаралар жүзеге асырылды. Адамдарды қыстың аязды суық күндерінде жүк вагондарна тиеп, өздерімен бірге ешнәрсе алуларын рұқсат етпей, асығыс түрде Орта Азияға шұғыл аттандырды. Жол-жөнекей көптеген қарттар, әйелдер, балалар қайтыс болды. Осолайша күрдттер Қазақстан территориясына 1937 жылы алғаш рет қоныс аударды.
Депортацияның екінші толқыны –халықаралық тыңшылық тұрғысындағы күдіктің салдарынан кавказдық көптеген халықтардың, оның ішінде шешендердің, ингуштардың, месхедтік түріктердің, қарашайлардың депортацияланған 1944 жылдар. Бұл халықтардың ішінде күрдтер де бар еді. Бірақ менің отбасымарменияда қалды. Онда орта мектепті бітірдім. Х. Абовян атындағы Ерева мемлекеттік педагогикалық университетті тәмамдадым. Одан кейін аспирантураны аяқтадым. Оқытушылық қызметпен айналыстым.
Ал үшінші толқыны болса 1989-90 жылдары орын алды. Себебі 80-жылдардың аяғында Таулы-Қарабаққа байланысты армян-азербайжан қақтығыстары өршіді. Сол жылдары Армения Республикасы өз территориясынан кіл мұсылмандардан шығарып жіберді. Олардың ішінде әзірбайжан халқы да, ислам дінін ұстанған күрдтер де бар еді. Осындай шиеленісті жағдай біздің де қайтадан басқа жаққа қоныс аударуымызға мәжбүрледі. Армениядан қуылған ислам дінін ұстанушы халқымыздың көпшілігі Қазақстанға баруды ұйғарды. Кей бөлігі әрі асып Қырғызстанға барып қоныс тепті.
Осылайша Қазақстанда қалған курдтер қазақ ұлтының дархан көңілі мен ықыласының арқасында өмір сүре бастады. Әрине, бүтін бір халықты Отанынан айырып, басқа мемлекетке, беймәлім өңірге күштеп қоныс аударту күрд ұлтының ата-бабалық рухын, «түпсанасын» бұзды. Ұлт тарихында жазылмас жарадай болып із қалды. Бірақ осындай қиын қыстау кезеңде бізге құшағын ашып, жылылық танытқан қазақ халқына алғысымыз шексіз.Қазақтардың сол уақытта өздерінің де хал-ахуалы мәз болмаса да, жер аударылып келген ұлт өкілдерін төріне шығарды, бір үзім нанын бөліп берді. Зорлықпен көшіп келген халықттардың жабырқаған көңілін моральді және материалды тұрғыдан жұбата білген қазақ халқына біз де, тіпті бізден кейінгі ұрпақтарымыз да мәңгілік рақмет айтады. Қазір Қазақстанды кешегі жер аударылған күрд халқының ұрпақтары өздерінің Отаны санайды.
Ж. Ж.: Қазіргі таңда жер бетіндегі күрд халқының саны қаншаға жетіп жығылады?
К. М.: Бейресми деректерге сүйенсек, жер бетінде 50 млн-ға жуық күрд халқы бар. Басым көпшілігі жоғарыда айтқанымдай Түркия, Иран, Ирак, Сирия және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды постсоветті елдерде тұрады. Әрине, Еуропа елдері мен Америкада да күрд этносының диаспоралары бар. Ал осылардың ішінде ең үлкен күрд халқының диаспораларының бірі Қазақстан мемлекетінде. Алтай мен Атырауға дейінгі алып мекенді алып жатқан ұланғайыр қазақ елінде шамамен 100 мыңға жуық күрд ұлтының өкілдері күн кешіп жатыр. Ресми деректер бойынша олар 48 мыңға жуық деп есептелінеді, ал бейресми ақпараттар бойынша жоғарыда айтқанымдай 100 мыңға жуық. Неге бейресми десеңіз, кезінде жер аударылған күрд халқының көпшілігі өз-өздерін құжаттарға әзірбайжан деп жаздырған. Әзірбайжандар мен түрік халқының арасында күн кешкеннен кейін ассимиляцияға ұшыраулары да, саяси жағдайлардың да әсер еткені рас.
Ж. Ж.: Қазақстанда 100 мыңға жуық күрд ұлтының өкілдері тұрады деп қалдыңыз. Олардың қазіргі қазақ жеріндегі өмірі қандай, қандай қызметтер атқарады, қалай өмір сүреді?
К. М.: Қазіргі таңда Қазақстандағы күрд диаспорасы қазақ халқының ақ көңілі мен ақ пейілінің арқасында мамыражай күн кешіп жатыр. Ортақ Отанымыз Қазақстанда Конституциямызбен дәйектелген барлық азаматтық құқықтылығымызды және бостандығымызды еліміз азаматтарымен бірдей сезінеміз, біз де өзіміздің шығармашылық қабілетімізді саяси істерде де, бизнесте де немесе ғылымда да жүзеге асыру мүмкіндігін иеленіп жүрміз. Қазақ жерін 80 жыл мекендеген күрд ұлтының өкілдері басқа да халықтармен бірге еліміздің ғылым, экономика, мәдениет, білім, құрылыс, денсаулы сақтау, қоғамдық-саяси салаларында көптеген жетістіктерді игерді. Көптеген курдтер ірі өнеркәсіптік мекемелердегі, акционерлік қоғамдардағы, халыққа білім беру салаларындағы, БАҚ-тағы, қызметтерін абыроймен атқарып жүр.
Ең алғашқы қазақстандық күрд академик Нәдір Нәдіров. Ол кісі де 1937 жылы Нахчиваннан жер аударылған күрдтердің алғашқы легімен Қазақстанға, дәлірек айтқанда Жамбыл облысына қоныс тепкен еді. Сонымен қатар нетфохимик Кәзім Садықұлы Нәдіров,техникалық ғылым докторы Хусейн Амирұлы Садыков, профессор Гүлсейін Гусаев. Заң қызметкерлері мен құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін күрд ұлтының өкілдері де жетерлік. Атап айтсақ, полковник, ең алғашқы Алматы облысы прокурорының орынбасары Шафхид Рамазанұлы Тұрсынов,полковник Аюпов Мамедалиұлы, Шумаель Тимур Саладиналиұлы, прокуратурада қызмет ететін Мирзоев Везир Князьұлы, мен өзім де филология ғылымдарының докторы, Халықаралық ғылым академиясының жоғарғы мектебінің академигі, профессор Князь Ибрагимұлы Мирзоев және т.б.
Жоғарыда айтқанымдай күрд ұлтының өкілдері Қазақстанда басқа азаматтармен тең құқылы. Олардың құқығы Қазақстан Республикасының Атазаңымен қорғалады. Ешқандай алабөтендік яки кемсітушілік жоқ. Мен барлық мақалаларым мен баяндамаларымда Қазақстанда өмір сүретін күрдтердің құқығы қорғалғаны секілді ешқандай мемлекетте олардың құқығы қорғалмағанын тілге тиек етемін.
Қазақ жерінде өмір сүретін күрд ұлтының өкілдері Қазақстанды өз Отанымыз деп санайды. Міне, біздің бұл өлкеге келген сәтімізден бастап, үш буын алмасып үлгерді. Ал Отан дегеніміз, сенің ата-ананың, туған-туысыңның жерленген жері, салт-дәстүріңнің орныққан жері. Мысалы, мен өз анамды, үш бауырымды қазақ жеріне жерледім, қанашама туған туысым осы мекенде мәңгілік сапарға аттанды. Енді мен қалайша анам мен бауырларым, туған-туысым жатқан жерді Отаным демеймін?! Демек, осы бір қазақ жері, қасиетті қазақ даласы менің жалғызым, менің Отаным! Себебі менің анамның денесі осы ұлы мекенде жатыр. Міне, біз осылай ойлауымыз керек.
Ж. Ж.: Тарихта дәл күрдтер секілді қаншама халық геноцидке ұшырады, ана жардан, әке баладан айрылды. Енді айтыңызшы, осындай зорлық-зомбылық көрген халықтың психологиясы қандай болады? Қазір сіз айтқан «Шығыстың рыцарьлары» мен бүгінгі күрдтердің арасында қандай айырмашылықтар бар?
К. М.: Күрд халқынан әлемге әйгілі көптеген қолбасшылар, ғалымдар, ақындар шықты. Мысалы, Сұлтан Салах ад-Дин аль Аюби Крест жорығына қарсы соғысқан қолбасшы. Египетті, Месопотамияны, Сирияны, Иерусалимді, яғни кіл Ислам әлемін осы қатерден азат еткен бірден бір тұлға һәм билеуші. Сол үшін әлем ғалымдары Салах ад-Динді «Шығыстың рыцарі» деп атаған, яғни нағыз рыцар деген мағынада. Тіпті жазушы Вальтер Скот та «Шығыс рыцарі» жайлы «Richard the Lionheart» романында айтады. Сондай-ақ сұлтан Бейбарыс пен сұлтан Салах ад-Диннің өзара рухани үндестігі сол кезеңнің өзінде де қазақ пен күрд халқының байланысын көрсетеді.
Бүгінге дейін көп адамдар күрд ұлтында ешқандай мемлекет болған жоқ айтады. Ал мен олармен келіспеймін. Күрдтерде мемлекет болды. Мысалы, Осман империясы кезінде ешкім ол империяны Түркия деген жоқ, бұл Осман әулетінің атымен аталған мемлекет. Ал бұл жерде сұлтан Салах ад-Дин Аюби әулетінен, яғни Египетті, Сирияны, Йеменді, Иракты күрд ұлтынан шыққан Аюбидің әулеті басқарды. Демек бізде тәуелсіз мемлекет болды деген сөз. Ал Сұлтан Салах ад-Дин Ислам әлемінің ұлы қолбасшысы. Ал бүгінгі күрдтерге келетін болсақ, мысалы, Ирак тағынан Саддам Хусейнді құлатқаннан кейін, 2005 жылы оның орнына күрд ұлтынан шыққан Джаляль Талабани президент болды. 2014 жылы талибандар Таяу Шығыстағы Сирия, Ирак сынды елдердің біраз бөлігін жаулап алып, Ислам халифатын құрғысы келгенде, оларға қарсы асқан ерлікпен күрдтер соғысты. Олар әлі күнге дейін Ислам халифатын құрғысы келгенге қарсы күресіп келеді. Жалпы айтқанда күрд халқы жауынгер халық, намысты халық.
Ж. Ж.: Сөз арасында сұлтан Бейбарыс пен сұлтан Салах ад-Диннің өзара рухани үндестігі жайында айтып қалдыңыз. Тіпті біздің байланысымыздың да сол кезеңнен басталғанын тілге тиек еттіңіз. Қазақ пен күрдтің тағы қандай ұқсастықтарын айтсақ болады?
К. М.: Қазақ пен күрд халқы бір-біріне өте жақын. Мінезі жағынан болсын, салт-дәстүрі, діні жағынан болсын. Күрдтер де қазақтар секілді етті жақсы көреді. Тіпті біз де нанды «нан» дейміз. Біз де қазақтар секілді көшпелі халық болдық. Ауыл шаруашылығымен айналыстық. Біз де сіздер сынды жылқыны қатты ұнатамыз. Біз де заманында киіз үй секілді шатырларда тұрдық. Көшпелі халық болғаннан кейін, оның үстіне жаудан елімізді қорғауымыз үшін біздің де үнемі бес қаруымыз сай болып жүрді.
Ж. Ж.: Бүгінде бір нанды бөліп жеген қазақ пен басқа ұлт өкілдері енді көк тудың астында тату тәтті күн кешу үстінде. Оның ішінде қазақ халқы үшін күрд ұлт өкілдерінің де маңызы зор. Енді осы күрд халқы өкілдерінің ділі мен діні, мәдениеті мен тілін сақтау және даму үшін 1993 жылдың наурызынан бастап «Якбун» күрдтер қауымдастығы тіркеліп, аймақтық қоғамдық бірлестік мәртебесінде жұмыс істей бастады. Ол 1999 жылы ол «Барбанг» деп аталды. Осы орайда өзіңізден сұрағым келіп отырғаны, Қазақстанға қоныс аударған күрділер ҚХА қарасты осы қауымдастықтың аясында қандай істер атқарды?
К. М.: Қазақстан Республикасында «Барбанг» күрдтер қауымдастығы секілді басқа да этностардың қауымдастығы бар. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің сарабдал саясатының арқасы. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қоғамның рухани өмірімен, оның әлеуметтік өзін-өзі тануымен, ұлттық санасымен байланысты күрделі әлеуметтік-психологиялық құбылыстар-процестер болды. 1990 жылдардың басындағы біздің жеткен ең үлкен жетістігіміз — Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1992 жылы Қазақстан халықтарының 1-ші форумында халықтар достығын сақтау тұрғысында бұл форумды тұрақты ұйымға айналдыру маңызды болып табылады деп мәлімдеуі болды. Содан кейін 1995 жылы 1 наурызда республиканың қоғамдық және саяси өмірінде дүниежүзінде ешқандай баламасы жоқ жаңа қоғамдық институт — Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі қаланды. Ассамблея Қазақ еліндегі түрлі этностардың бейбіт қатар өмірсүруінің модерндік модельдерін тудыратын бірегей достық зертханасына айналып үлгерді.
Қазақстандық кіл этнос өкілдерінің қауымдастығы Қазақстан халқы Ассамблеясына біріктірілді. Бұл тізімде күрдтердің «Барбанг» қауымдастығы да болды. «Барбанг» күрдтер қауымдастығы алғаш рет 1993 жылы тіркелген. Көп ұзамай,1999 жылы аталмыш қауымдастық «Барбанг» болып қайта құрылды. «Барбанг» күрдтер бірлестігінің басты мақсаты мен міндеті — халықтың дамуына керекті жағдайлар жасау, сонымен қатар қазіргі Қазақстанда тұратын күрд халқының заңды тілектерін, әлеуметтік және рухани мүдделерін қанағаттандыру болып табылады.
Осы бағыттағы іс-шараларға фестивальдар, концерттер, күрд тілі мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау бойынша әр түрлі шығармашылық топтар, соның ішінде «Барбанг» би тобы өткізетін практикалық және әдістемелік семинарлар кіреді. Мектептерде күрд тілі үшін курд тілі мен поэзия сабақтары өткізіледі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мақұлдауымен жалпы білім беретін және жексенбілік мектептер үшін менің авторлығыммен 2006 жылы алғаш рет курд тілінің оқулығымен бірге күрд тілінің оқытушыларына арналған оқу-әдістемелік кешен әзірленіп, 2006 жылы басылып шықты. ҚХА-ның қолдауымен «Нубар» көркем әдеби, ғылыми, әлеуметтік-ағартушылық журналы, «Жийна Курд» («Күрдтердің өмірі») ай сайынғы газеті, сонымен қатар «Барбанг» күрдтер қауымдастығының ресми сайты жарияланған: berbang — nur.com. Тіпті біздің «Якбун ТВ» телеканалымыз да бар. Бұл телеканалда Қазақстанның алыс, жақын өңірлердегі күрд балалардың ана тілдерін үйренулері үшін арнайы бағдарламалар қарастырылған. Мемлекетіміздің арқасында күрд тілін үйренетін оқулықтарда шығарылған. Қазақстандық күрдтер үшін алфавитті латын қарпіне көшірдік. Сонымен қатар балаларымыз күрд тілімен қатар қазақ тілін де жетік меңгеруі үшін барлық жағдайлар жасалынған. Мысалы, «Якбун ТВ» каналында және аптасына екі рет орта мектептерде қазақ тілін үйренеді. Қазақстанда тұратын күрд ұлты өкілдерінің 75 пайызы қазақ тілін біледі, яғни қазақ тілді күрдтер. Жамбыл, Шымкент сынды оңтүстік өңірлердегі күрдтер 100 пайыз қазақ тілін біледі деп айта аламын. Әрине, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, мемлекеттік тілді дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар өз жалғасын табуда. Қазақ тілінің аясында күрд тіліне дамып келеді. Біз бұл арқылы этносаралық қатынас тілінің де тек қазақ тілі болғанын қалаймыз. Себебі Қазақстан мемлекетінде тұратын әр азамат қазақ тілін білуге міндетті. Мысалы, жақында ғана Германиядағы бір конференцияға қатыстым. Барлығы менен «күрдсіз бе?» деп сұрады. Еш ойланбастан «Қазақпын!» дедім. Мен шетелде үнемі өзімді «Қазақпын!», «Қазақ ғалымымын!» деп таныстырамын. Себебі шет мемлекетте мен мемлекетімнің атынан барамын, мемлекетімнің ғылымын таныстырамын. Ал Қазақстанда күрд ұлтының өкілімін.
Ж. Ж.: Күрд халқы едәуір көп тұратын қалаларда, Күрд әдебиеті және күрд тілі бастауыш және орта мектептерде оқытылады. Бұл күрд халқының тілі үшін Қазақстанның жасаған ең маңызды әрекеті деп ойлаймын. Себебі тілін жоғалтқан елдің ештеңесі де қалмайды. Келесі бір сұрағым, күрд тілі жөнінде болмақшы? Күрд тілі, үнді-еуропалық тілдерінің тобының батыс ирани тармағына жатады. Ал Қазақстанда әдеби тіл ретінде қандай күрд диалектісі оқытылады? Тілдік ерекшеліктерге тоқтылып өтсеңіз?
К. М.: Күрд тілі ежелгі тілдердің бірі. Егер белгілі бір тілдің диектілері болатын болса онда ол сол тілдің бай тіл екенін, сөздік қорының көптігін көрсетеді. Мысалы, күрд тілінің диалектілерінен ең көп қолданылатыны –Курманджи диалектісі. Қазақстандық күрд ұлының өкілдеріне осы курманджи диалектісі үйретіледі. Түркия мен Сириядағы күрдтер де тура осы диалектіде сөйлеседі. Ал Ирак пен Иран елін мекен еткен күрдтер болса көбіне сурани және гурани диалектілерін қолданады. Демек күрд тілінің ең үлкен үш диалектісі бар. Олар, курманджи, сурани және гурани. Қазақстандық күрд ұлтының өкілдері үшін әдеби тіл ретінде курманджи диалектісі есептеледі.
Ж. Ж.: Князь мырза, Шығыс тілдері және аударма кафедрасының меңгерушісі һәм бұған дейін де қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болғандықтан мынаны сұрағым келеді: Қазақ әдебиеті мен күрд әдебиетінің айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар ма?
К. М.: Қазақ әдебиеті мен күрд әдебиетінің ең бірінші ұқсастығы, екеуі де Шығыс әдебиеті. Халқымыздың әдебиеті қазақ әдебиеті секілді алғашында халық ауыз әдебиеті ретінде дамыған. Олардың ішінде, даналық сөздер, афоризмдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, дастандар т.т. Мысалы, қазақ әдебиетінде Ләйлі-Мәжнүн образы бар. Бұл нағыз Шығыстық сарындағы шығарма болып саналады. Александр Македонскийдің шығыстық образы қазақ әдебиеті секілді күрд әдебиетінде де бар. Күрд ұлтынан шыққан Ахмед Ханидің «Мам и Зин» атты поэмасы қазақтың «Қозы Көрпеш –Баян Сұлу» дастанына ұқсайды.
Еуропа әдебиетіндегі Сервантес, Гете, Шиллер сынды қаламгерлерге қарағанда бізге Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды ақын-жазушылар әлдеқайда жақын. Себебі біздің ортақ құндылықтарымыз һәм өмірлік философиялық өте ұқсас. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармалары да күрд әдебиетін тудырушы ақын-жазушыларымызға қатты ықпал еткенін айту керекпіз. Оның ішінде Ассани Хаджи Сулейман, Салих Саяддин сынды Қазақстандық күрд ақын-жазушылардың шығармашылығында Абайдың орны ерекше. Мен өзім де «Қазақ-күрд әдебиетінің» байланыс жөнінде қалам тартқан адаммын.
Өткен жылы біз күрд халқының атақты ақыны Али Аббурахманның 100 жылдық мерейтойын атап өттік. Мерейтойға Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мырзаның өзі келіп қатысты. Филология ғылымдарының доктары, профессор Темірхан Тебегенов мырза болса қазақ және күрд әдебиеті туралы үлкен мақала жазды.
Сонымен қатар Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов «Nubar» («Тұңғыш») журналымыздың редколлегия мүшесі. Міне, осылайша әдеби-мәдени өмірімізде тығыз байланыстамыз.
Ж. Ж.: Қазақстан халқы Ассамблеясы тек қана әртүрлі ұлт өкілдерін ғана емес, кіл ұлтты бір тудың астына біріктіретін қоғамдық институт. Ол Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ендігі кезекті «Барбанг» қауымдастығы тәуелсіздіктің отыз жылдығына қандай мәдени іс-шараларды қолға алып отыр?
К. М.: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл тарихи шындықты: «Тәуелсіздік — бұл халықтың ең басты құндылығы. Біздің негізгі құқығымыз -өз тағдырымызды өзіміздің анықтауымыз», — деп атап көрсеткені белгілі. Бұл символикалық тұрғыда маңызды дүние. Осы жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында модернизация мұраттарын жүзеге асыру біздің қазақ халқымызды әлемдік өркениеттің алдыңғы қатарына шығарады деп нақты айтқан. Қоғамдық сананы жаңғыртудың алғашқы қадамы — өз мәдениетімізді, тәуелсіз ұлттық генетикалық кодты сақтау, халқымыздың дәстүрлеріне адалдық болып табылады. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанның ұлттық мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді. Барлық халықтардың бірлігі, келісімі және бейбіт ынтымақтастығы — біздің басты байлығымыз, Тәуелсіздіктің ең бағалы жетістігі.
Демек еліміздің тәуелсіздігі барлығымыз үшін маңызды. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі сол елде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдерінің тәуелсіздігі.Біздің балаларымыздың құқығы осы тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Атазаңымен қорғалады. Осы орайда биылғы жоспарларымыздың ішіндегі ең маңызды жобалар да тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерейтойына арналмақшы. Мысалы, үлкен көлемде «Күрд әдебиетіндегі Қазақстан» деп аталатын жоба аясында поэзия кешін ұйымдастыру жоспарымызда бар. Бұл арқылы күрд ақын-жазушыларымыздың Қазақстан жайлы қандай шығармалар жазғанын һәм қандай деңгейде жазылғанын бағамдай аламыз. Ақын-жазушылармен қатар ғылым адамдарының Қазақстан жайлы не жазғанындарын жинақтайтын боламыз. Мұнан кейін қазақ ақын-жазушылармен кездесулер де жоспарымызға енгізілген. Тіпті мына бір әлемді жайлаған аты жаман індеттің беті қайтса үлкен көлемде конференциялар да ұйымдастыруды қолға алып отырмыз.
Ж. Ж.: Қазақстан Халқы Ассамблеясына ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңіз бар ма? Қандай бір мәдени һәм әлеуметтік жұмыстарда «әттең тонның келтесі-ай» дегізетін жағдайлар көп бола ма?
К. М.: Мен өзім Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан сәттен басқан құрамындамын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Аталмыш Ассамблея тек қана әртүрлі ұлт өкілдерін ғана емес, кіл ұлтты бір тудың астына біріктіретін қоғамдық институт. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің арқасы екенін қайталап айтқым келеді. Елбасымыз негізін қалаған Қазақстан халқы ассамблеясы Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерін біріктіріп, ұлттық мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Менің Қазақстан халқы Ассамблеясына ұсынысым әртүрлі этнос өкілдері бұдан көп рет бас қосып, өздерінің мәдениеттерін таныстырса, этно-мәдениет орталықтарға көбірек көңіл бөлінсе, үлкен көлемді жобаларымызды, біз шығарып жатқан газет-журналдарымызды қаржыландырса нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, Ассамблея аясында мен ұсынып отырған дүниелер өте жоғары деңгейе атқарылып келеді, тек мендегі ниет бұдан көп болса екен дегенім ғана. Ал жалпы айтқанда еліміздің тәуелсіздігі, бірлігі Қазақстан халқы үшін барлығынан маңызды.
Ж. Ж.: Князь Ибрагимұлы, уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға алғысымыз шексіз!
К. М.: Сізге де алғыстымыз! Күндеріңіз сәтті өтсін!
Сұхбаттасқан: Жомарт Жылкелдіұлы
Оставайтесь на связи