Елордада мемлекеттік тілге арналған кеңейтілген отырыс өтті
ZOOM платформасын ұйымдастыру арқылы онлайн негізінде Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы кәсіпкерлер кеңесінің «Мемлекеттік тіл – этностардың біртұтас қазақстандық қоғамға бірігу факторы» атты тақырыбында кеңейтілген кезекті жиыны өткізілді.
Жиынға Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы кәсіпкерлер кеңесінің және Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, қала кәсіпкерлері қатысты.
Жиын барысында Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Л.С. Құсайынова мемлекеттік тілді дамыту мәселесі баршаның ортақ парызы екенін атап өтіп, оған қатысты осы уақыт аралығына дейін тындырымды істердің атқарылғанын жеткізді. Мемлекеттік тілдің қолдану аясына байланысты кәсіпкерлік нысандарында талаптарды сақтаудың маңызына да жан-жақты тоқталып өтті.
Сонымен бірге, елордадағы Достық үйінен «Мәміле» қазақ тілі пікір алмасу клубы ашылғанын, оның барысында елорда этномәдени бірлестіктері өкілдерінің мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып келе жатқанын атады. Нақты айтқанда, олар қазақ тілін ауызекі тілде меңгеруге және қағаз жүзінде жазуға да бар ынта-ықыласымен кірісіп кетті. Сондай-ақ бұл клуб өткізген сабақ барысында қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қатысты мәліметтер кеңінен айтылып, тыңдармандардың зор қызығушылығын туғызды.
Осы Достық үйінен ашылған «Парасат» қайырымдылық орталығы да толымды істерді атқарып келеді. Сөз орайында, баяндамашы кәсіпкерлік нысандарында мемлекеттік тілге қатысты заң талабына мұқият болу қажеттігін айтып, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында мемлекеттік тілді дамытуға баса мән берілгенін, сондай-ақ ешбір тілге қатысты түсінбестіктің орын алмауы тиістігін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастика және әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы Т.Б. Ермағамбетов мемлекеттік тіл мәселесінде жарнамаға қатысты талаптарды әңгіме өзегіне арқау етіп, бұл ретте басқа да тілдерге құрметпен қарау қажеттігіне баса мән берді. Баяндамашы кәсіпкерлік нысандарындағы жарнама мәселесіне қатысты да өзіндік пікірін білдіріп өтіп, бұл талаптың басқарма тарапынан әрдайым бақылауда екендігін мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы А.Е. Рахметова мен «Руханият» КММ басшысының міндетін атқарушы Г.Т. Камашева мемлекеттік тілге қатысты толғамды пікірлерін айтты. «Руханият» КММ басшысының міндетін атқарушы Г.Т. Камашеваның мәлімдеуінше, елорда Достық үйінен ашылған «Мәміле» қазақ тілі пікір алмасу клубымен бірге тындырымды істерді атқарып келеді.
Жалпы айтқанда, мемлекеттік тілді дамыту мәселесі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан осы уақыт аралығына дейін көңілге қонымды жұмыстар атқарылған. Бір ғана мысал, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мың бала» жобасы аясында жасөспірімдердің мемлекеттік тілді меңгеруіне ықпал жасап, парыз үдесінен табыла білді.
ASSEMBLY.KZ
Оставайтесь на связи