Елордада «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылдығы» атты дөңгелек үстел өтті
21 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласының Достық Үйінде ҚР Конституциясы күніне орай «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылдығы» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, ҚХА зиялы қауымы және этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Тәуелсіздік жылдарындағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту тәжірибесі туралы пікір алмасты. Тіл мәдениеті мен жалпы адамзаттық рухани құндылықтар қағидаттарына негізделген қазақстандық бірегейлікті, толеранттылық пен өзара түсіністікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
«Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, Қазақстанда толеранттылықтың жоғары деңгейі сақталып отыр. Атап айтқанда, респонденттердің 94% — ы басқа этностар өкілдеріне деген оң көзқарас туралы айтады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьеваның пікірінше, Қазақстандағы этностар өкілдері еліміздің толыққанды азаматтары ретінде тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие, соның ішінде өз тілін дамыту үшін. Бұл-халық бірлігін нығайту жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі.
ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Георгий Кан бірлікті нығайтудың үш негізін атап өтті: қазақ халқының тарихи интеграциялық рөлі, патриотизм, сондай-ақ заңның үстемдігі.
Қазіргі жастар бейбітшілік пен келісім идеясын қолдайды. Жоғары технологиялар мен инновациялық жаңалықтар ғасырында дүниеге келген ұрпақ өшпенділік пен сенімсіздік тілін қабылдамайды, — деді, ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы төрағасының орынбасары Тимур Жұмырбаев.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстандағы тілдік ахуалдың өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар еліміздегі тілдік қағидат бойынша кемсітушілік жоқ екенін, мемлекет этностардың тілдерін дамыту үшін тең мүмкіндіктер жасағанын атап өтті.
Қазақстандағы барлық этнос заңмен қорғалып, тыныш дамуда. Олардың этникалық құқықтары бұзылмайды. Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
Қазақстанның барлық этностары біздің еліміз халқының құрамдас бөлігі ретінде өздерін қауіпсіз сезінеді. Орыс тілі еркін жұмыс істейді. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Кейде әлеуметтік желілерде таратылатын тіл тақырыбындағы арандатулар нақты көріністі көрсетпейді және елдегі этносаралық жағдайдың тұрақтылығын ешбір жағдайда бұза алмайды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар республикадағы этносаралық қатынастар тұрақты дамып келе жатқанын, ал туындаған мәселелер мен қиындықтар диалог негізінде өркениетті түрде шешілетінін ерекше атап өтті. Спикерлердің пікірінше, бұл қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ASSEMBLY.KZ
Оставайтесь на связи