Медиация институтын дамыту Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады, өйткені этносаралық келісімді қамтамасыз ету медиативтік міндеттермен тікелей байланысты.
Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының тапсырысы шеңберінде осы бағытта жұмыс атқарған Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларының кәсіби медиаторлар тобы бірлесе елімізде алғаш рет «Этномедиация» (этносаралық және мәдениетаралық дауларды шешудегі медиация) әдістемелік құралын әзірледі.
Аталған әдістемелік құрал қоғамда болып жатқан жағдайлардың көрінісі емес. Ол осындай жағдайларға жол бермеу және алдын-алу шараларына арналған. Авторлар заңнамалық нормативтік құжаттарға, әдістемелік әдебиеттерге және қызықты ғылыми мақалаларға негізделген теориялық негіздерді де, практикалық қосымшаларды да дайындады.
Шараға Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын қатысып:
— Бүгінгі таңда бұл тақырып, әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Өйткені, оның ең басты міндеті — мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады, — деді.
Тұсаукесер барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми — сараптамалық кеңесінің, Медиация жөніндегі кеңесінің мүшесі, «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов, Қарағанды облысы Кәсіподақтар орталығы татуластыру орталығының басшысы, «Zolotaya seredina — SM» ҚБ президенті Света Шардарбекова сынды оқу құралының авторлары әрі медиация бойынша сертификатталған жаттықтырушылар сөз сөйледі.
Қарағанды Ассамблеясының медиаторларының жан-жақты, нәтижелі жұмысын атап өткен Шерзод Пулатов, осы саланы дамытудағы бірлескен қызмет үшін облыстық ішкі саясат басқармасына да алғысын білдірді.
Шара соңында ұйымдастырушылар аталған әдістемелік құралды қалай алуға болатынын түсіндірді.
ASSEMBLY.KZ
Оставайтесь на связи