Түркістан қаласындағы «Басқармалар үйі» ғимаратының мәжіліс залында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен кездесу өтті.
Іс-шарада Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» республикалық қауымдастығы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Надиров Азимбай Садыкович белсенді қатысты.
Жиынды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов ашып, жүргізіп отырды.
– Биылғы жылдың басында елімізде болған жаппай тәртіпсіздіктер халқымызға оңай тиген жоқ. Осы беймаза уақытта Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы этномәдени бірлестіктер елді сабырлыққа шақырып, үндеу жасап, елдің тұрақтылығы мен бірлігі жолында қолдау көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдағы уақытта Жаңа Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен дамуы, этносаралық қатынастың сақталуы бойынша біршама тапсырмалар жүктеді. Осы орайда, өздеріңізбен күш біріктіріп, бірлесе жұмыс істейміз деген сенімдемін, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Күн тәртібіне сәйкес, жиында бірнеше мәселе қаралды. Атап айтсақ, басқосуда Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктерді аккредитациялау туралы мәселе талқыланды. Сондай-ақ бірқатар этномәдени бірлестіктердің 2021 жылы атқарылған жұмыстары мен 2022 жылға арналған жұмыс жоспары баяндалды.
Келелі кеңесте Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің этномәдени бірлестіктермен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Б.Есжанов, Түркістан облыстық «Гарабах» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Р.Мустафаева сөз сөйлеп, этносаралық қатынастарды нығайту бағытындағы ойларын ортаға салды.
Жиын барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева облыстық иран мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің жаңа төрағасы Назари Аласхарды таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөзінде Эльмира Ұласбекқызы бұған дейін облыстағы иран мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін 20 жылдан аса абыроймен атқарған Нурсбек Капар-Пурға алғысын білдіріп, ел бірлігін нығайту жолында әлі де бірлесе еңбек ете береміз деген лебізін жеткізді.
Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Жиынды қорытындылаған Бақыт Ахымбетов өңірдегі этносаралық татулықты, бірлікті сақтаудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта әрдайым әріптестік орнатуға әзір екенін жеткізді.
Оставайтесь на связи