Көңілі даладай дархан, құшағы күндей ыстық Қазақстанның бауырында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бейбіт елдің берекесінің бастауы – осынау құт қонған елдің ырысы мен ынтымағында.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Туған жерге деген ыстық ықыласының шапағатын сөндірмеген өзге ұлт өкілдері, шындығына келгенде, көпұлтты халқымыздың бірлігін нығайтуға, саяси сезімін байытып, ынтымағын күшейтуге атсалысуда.
Қазақтың кеңдігін үлгі етемін
Еліміздегі ұлтаралық қатынас үлгісін одан әрі дамытып, көңіл сәулесімен Қазақстанды «Отаным» деп құрмет тұтады. Тәуелсіздік жолымен ілгері басқан еліміздегі көне шаһардың көрікті көшесінде көктеп, көгеріп, ұрпағын өрбіткен өзге ұлт өкілдерімен тілдесуді жөн санаған едік.
Қазақ ұлтының тілін, мәдениетін, тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрпын құрметтеумен бірге, өз ұлтының да салт-дәстүрін қатар сүйген азаматтардың әрқайсысының төрінде қазақтың құрақ көрпесі төселіп, қазанында қазы-қартасы қайнап, ет асып, қымыз-қымыранына сүйсінгенін де көз көріп жүр.
2011 жылы Жамбыл облысында «ҚР күрдтері «Барбанг» қауымдастығы» өңірлік қоғамдық бірлестігінің филиалы құрылған болатын. Оның басшысы болып Сартиф Алиев тағайындалған. Ол Жамбыл облысы, Байзақ ауданында дүниеге келген. 2002 жылы қазақтілді мектепті тәмамдаған. Тараздағы Әулиеата университетін «қаржы» мамандығы бойынша және Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ 18 жасында «ҚР спорт шебері» атағын алған.
Бүгінде қазақ, орыс, күрд, тәжік, қырғыз, түрік, өзбек тілдерін еркін меңгерген Сартиф Исманалиұлы күрд диаспорасының мәдениетін, озық халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жан-жақты дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға жәрдемдесіп, Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен бірліктің сақталуына ықпал етеді.
– 1937 жылы ата-бабаларым Қазақстанға көшіп келген екен. Атам үнемі айтып отырушы еді: «Бізге қазақ ұлты көп көмек берді. Өздерінің ас-ауқаты болмаса да, бір нанды екіге бөліп, жартысын бізге беретін. Қазақтар «Өле жегенше, бөле же» деген ұстаныммен ғұмыр кешеді», – деп бізге қазақтың кеңдігін үлгі ететін.
Мен ауыл баласымын. Ауылдық достарыммен бірлікте, жекжат болып араласамыз. Мектеп жасында қазақ тілінен олимпиадаларға да қатыстым. Осы елде ержетіп, тер төгіп, еңбек етіп жүрміз. Билік басындағыларға да алғысым шексіз. Қазақстан Республикасының облыстық заңнамасы шеңберінде фестиваль, байқау, концерттер, ғылыми-практикалық және әдістемелік семинарлар нысандарында күрдтердің ана тілін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырып тұрамыз.
Қазақстан Отаным болғандықтан құрмет тұтамын. Бір шаңырақ астында бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешкен халқымыздың татулығы нығая түсіп, республикамыздағы ұлтаралық сый-құрмет әрдайым берік болып, достығымыз мәңгі жасай берсін деп тілектестігімді білдіремін, – деді Сартиф Алиев.
Оставайтесь на связи