Қай елдің болмасын зайырлы, тәуелсіз екенін білдіретін, басым бағыттарын айқындайтын басты құжаты — Ата заңы. Осыдан 26 жыл бұрын бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Осылайша 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді.
Ата Заңымыздың алғашқы бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Бұдан түйілетін ой мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
Сондықтан да Конституция күні біз үшін қасиетті күн болу керек. Өйткені, Ата Заңымыз – Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы-шарттарын жасап берген жасампаз құжат. Халықаралық қауымдастық мойындап, Қазақстандағы батыл жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың негізінде қол жеткізіп отырған жетістіктердің бәрінің қайнар көзі саналатын Қазақстан Республикасы Конституцияның да өз тарихы бар.
Татулық пен бейбітшіліктің Мәңгілік елі бола білген кең байтақ Ұлы Даламызда жүз қырыққа жуық ұлттар мен ұлыстар мекен етеді. Олар достық пен тұрақтылықтың туын биік көтеріп, Қазақстан мемлекетінің жалпы әлеуетін, экономикасы, мәдениеті, сырт елдермен арадағы саяси байланысы, бәсекеге қабілеттілік пен өркениетімізді өркендетуге орасан еңбек сіңіріп келеді.
Мұндай жетістіктерге халық пен мемлекеттік билік бірлігінің және де Ата Заңымыздың мызғымастығының бірден бір кепілі Қазақстан Республикасының бейбітшілік пен тұрақтылыққа негізделген сындарлы саясаттың арқасы.
«Отан отбасынан басталады» деген қазақ халқында даналы сөз бар. Олай болатын болса біздің ұрпағымыздың алдында атқарар міндетіміз көп. Оның ең біріншісі Отанға қалтқысыз қызмет ету. Жерді сүюді, елді сүюді, оны құрметтеуді үйрету және соған баулу. Себебі, Отаным деп өспеген өскелең ұрпақтың бойында отбасының алдағы жауапкершілік деген болмайды.
Мұның барлығы айналып келгенде күн сайын қарқындап, өсіп, жетіліп, тірлігін тіктеген, бірлігін бекіткен, халыққа мамыражай, бейбіт өмір сыйлап отырған елімізді артқа тарту болып табылады. Міне сондықтан да Ата заңды сыйлап, қастерлеу, еліміздің егемендігін айқындай, тағы басқа нышандарға зор құрметпен қарауды адам бойына құрсақта жатқаннан сіңдіру керек.
Бүгінде ел Тәуелсіздігінің 30-шы жылына куәгер болып отырған әрбір азаматқа Қазақстан Республикасы Конституциясында жазылған заң ортақ. Ата заң ешқандай дінге, ешқандай нәсілге, ешқандай ұлтқа бөлмейді. Себебі біздің елімізде адамзатқа тең құқық берілген. Бұл өз кезегінде Қазақстанда әр этностың ұлттық кодын сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, ата-бабамыздан асыл мұра болып жеткен мәдениетіміз, әдебиетіміз, өркениетіміз, тіліміз бен ділімізді, туған тарихымызды өз деңгейінде сақтап, ұрпағымызға ұсына аламыз.
Осындай мүмкіндік жасап қойған Отанымыздың Ата заңын берік ұстанып, ұлттық құндылықтарына зор құрметпен қарау біздің басты міндетіміз деп білемін.
Сартиф Алиев, Қазақстан Республикасы «Барбанг» Күрділер қауымдастығының Жамбыл облысындағы республикалық филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Оставайтесь на связи