Депутат Набиев: «Іс ұлтқа бөлінбейді!»
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан күрдтері «Барбанг» республикалық қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Вакиль Гусейнұлы Набиевтің RUH.KZ порталына сұхбаты (18.02.2020)
Ruh.kz: Өзіңіз жайлы, қызығушылығыңыз бен қызметіңіз жайлы бірер сөз?..
Вакиль Гусейнұлы: Толық аты-жөнім – Набиев Вакиль Гусейнұлы. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚР күрділерінің «Барбанг» Қауымдастығының вице-президентімін. Алматы қаласы күрділерінің «Барбанг» Қауымдастығының этно-мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жарасым» Республикалық жастар ұйымының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Қазақстандағы балалар үйлері түлектерінің қауымдастығы» ЗТБ Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Нұр Отан» патиясының мүшесі қызметтерімен қатар, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің сарапшысымын.
Студент кезімнен бастап қоғамдық-саяси қызметпен аса белсенділікпен шұғылданып, жастар қанаты қатарында жүрдім. Күні бүгінге дейін қоғамдық-саяси қызметтен қол үзген емеспін. Өзіміздің әлеуметтік-тұрмыстық секторға бағдарланған жеке бизнесіміз – «УМIT medical center» медициналық орталығымыз бар.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жарасым» Республикалық жастар ұйымын құруға мұрындық болдық. Өз бастамамыз бойынша, өзімнің балалық және жастық шағым өткен, өзім білім алған №19 орта мектеп орналасқан өлкеде заманауи қондырғылармен жабдықталған «УМIT medical center» жаңа медициналық орталығын аштық.
Ол қазір Алматы облысы, Іле ауданының Түймебаев атындағы кентте табысты жұмыс істеп тұр. Қазіргі кезде бұл медициналық мекемеде 30 адам еңбек етеді. Орталықта емдеу бағасы қолжетімді, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушылары, еңбек ардагерлері, көп балалы аналар мен жетім балаларға медициналық қызмет көрсетуде жеңілдіктер қарастырылып, тегін қызмет көрсету мүмкіндіктері жүзеге асырылған. Орталық ашылғаннан бергі үш жыл ішінде мұнда әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 560 адам медициналық тексеруден өтті.
Емдеу орыны әлеуметтік бағдарланған, ауданның тыныс-тіршілігіне белсенді араласып, балалар үйіне тұрақты қолдау көрсетіп отырамыз, сондай-ақ қазіргі кезде қарқынды жүргізіп отырған қайырымдылық қызметін одан әрі де жалғастыруды жоспарлап отырмыз.
Ruh.kz: «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысушысыз. Жоба туралы жеке пікіріңіз?
Вакиль Гусейнұлы: Әріден басталық. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын әркім әрқалай түсінеді. Менің ойымша жоба қазіргі қазақ қоғамына аса қажет-ақ. Тарихы тереңнен тамыр тартатын дана халықтың, Қазақстанды «үйім» деп білетін әртүрлі этностардың тарихы мен дәстүр құндылығы, таным-түсінігін жүйелі бірізділікке салатын бағдарлама.
Бұл ретте еліміздегі тарихи мекендерімізді, қорымдар мен қорықтарымызды, табиғи һәм рухани байлықтарымызды, ғұрпымызды, мәдениет пен әдебиетімізді танып-білу, жанашырлықпен қарау, қолдау мен қорғау, жастарымыздың бойына сіңіру, адам капиталын жақсарту, білім сапасын арттыру, патриоттық сезімімізді биіктету, бәрі-бәрі бірімен-бірі сабақтасып жатқан маңызды да мәнді іс.
Біз, тәуелсіз елдің ұрапақтары осының бәріне жауаптымыз. Сөз бен қағаз жүзінде емес, адамгершілік пен іс жүзінде. Әркім өзінің шама-шарқынша жақсылыққа ұмтылса, ізгілікке талпынса ғана Қазақстанды дамыта аламыз.
Ruh.kz: Бөлінгенді бөрі жейді…
Вакиль Гусейнұлы: Істе, ғылымда, жұмыс пен шаруада ұлт болмайды. Әрбір этностың түп негізіне жоғарғы құрметпен қарайтын басты қазынамыз – адам және адамның өмірі құқықтары мен қағидаларын ұстанатын елде туып, осындай елде өскенім үшін тағдырыма разымын. Бұл менің 1937 жылы күштеп жер аударылған Күрділердің ұрпағы ретінде айтарым.
Біз, қазіргі Қазақстанның жастары, шынымен де бақытты ұрпақпыз. Өйткені бейбіт уақытта өмір сүріп жатырмыз. Соғыс қасіреті мен зардабын тек оқулықтар мен кітаптардан, фильмдерден білеміз. Біздің міндет – бүгінгі күні қолымыз жеткен игіліктерді сақтау және Қазақстанның тәуелсіздігін қадірлеу білу, байыбына бара алу.
Ruh.kz: Қазақстан жастары жайлы не айтасыз?
Вакиль Гусейнұлы: Жастар істері жөніндегі комитетке төрағалық еткен жылдар ішінде жастар арасында, оларды жаңа қазақстандық отансүйгіштік рухында тәрбиелеу ісінде, әсіресе жастар ортасында қоғамдық келісімді нығайту, мемлекеттік тілді үйрету, ҚР президентінің ішкі және сыртқы саясатын насихаттау мәселелері бойынша тұрақты түрде мәдени-бұқаралық шаралар өткізіп тұрған адам ретінде жастардың өте белсенді екенін нық айта аламын.
Бұл қоғамды жақсылыққа итермелейтін, жақсы үрдіс. Жастардың ІТ, мемелекеттік басқару ісі, кәсіпорындар мен жекелеген ұйымдарда жұмыс істеуі, сол салаға қызығуы, әсіресе, қазір қажет-ақ құбылыс. Бір орында тұрып қалуға болмайды. Іс керек. Ой керек. Жігер керек. Жастармен жұмыс істеуім һзімнің де өмірлік тәжірибенді байытты, ұйымдастырушылық қабілетімді шыңдауға көмектесті. Бүгінде соның пайдасын көріп жүрмін. Өмір ыңғайына қарай бұл қызметім қай уақытта да кәдеге жарайтын әртүрлі мамандықты игеруіме ықпал еткен үлкен мектеп.
Ruh.kz: Тәрбие – тал бесіктен. Ұлдарыңыз неге қызығып, немен шұғылданады?
Вакиль Гусейнұлы: Ұлдарыма ана тілімен қатар, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйретіп жүрмін. Ұлдарымды мақтан етем! Суда жүзуден түрлі жарыстарға қатысып жүрген ұлдарымның басқа спорт түрлерінен де, сабақ үлгерімінен де көрсеткіштері жақсы. Бұл қуантады.
Әке үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Олар мектептегі пәндік олимпиадалардан жүлделі орындар алғанын айтып, алғыс хаттарын алдыма алып келгенде төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалады. Ұрпағымызды саналы қыдлғай!
Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті, ұрпағыңыз аман болсын!
- 18 ақпан, 2020
- Автор: Ruh.kz
Оставайтесь на связи