РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУ – ҚАЗАҚСТАНДА ДАМЫҒАН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдумға қатысты бейнеүндеу жасады. Халықтың көкейінен шығатын орынды ойлар айтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйені жаңғыртып, мемлекеттік басқару ісіне, заң шығару процесіне өзгерістер енгізуді бастап кетті. Оның айқын дәлелі ретінде 5 маусым күні өтетін референдумды айтуға болады.

Әрине, бір жүйеден екінші жүйеге ауыса салу оңай емес. Ол үшін ең алдымен адамдардың өміріне кепіл болатын құнды құжат — конституцияны өзгерту керек. Одан кейін сол құжатты негізге алып, жаңа жүйемен жұмыс істейтін жас кадрлар даярлау қажет. Бұл бүгінгі қоғамның басты талабы.

«Қазақстан өте маңызды әрі бетбұрысты кезеңге қадам басқалы тұр. 5 маусым күні азаматтарымыз жалпыұлттық референдумда дауыс береді. Конституцияға түзетулер енгізу мәселесі бойынша шешім қабылдайды.

Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт. Ел тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады.

Сол себепті, мен наурыз айындағы Жолдауымда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсындым. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту.
Сондай-ақ Үкіметтің тиімділігін арттыру.

Бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз. Конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтеді. Сонымен бірге еліміздегі саяси бәсекенің әділ және ашық болуын қамтамасыз етеді.

Біз Ата заңымыздың отыздан астам бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша, мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз.

Сол арқылы Екінші Республиканың негізін қалаймыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біз бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек, қандай да бір өзгерісті жалғыз Президент немесе үкімет басындағылар жүзеге асыра алмайды. Оны халық болып қолдауымыз керек. Егер біз өзгерісті қаласақ, бұл референдум сол өзгерістерге жасалып жатқан алғашқы қадам. Былайша айтқанда, мүмкіндік! Ендеше, сол мүмкіндікті жіберіп алмай, елдің игілігіне пайдалана білейік!

Надирова Гулизар Жүсіпқызы,

«Барбанг» күрдтер ұйымдастығының Түркістан облысының филиалы бойынша төрағасының орынбасары

Референдум өткізу - Қазақстанда дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам