Адамгершілік – алғыс айтудан басталады
Шымкенттегі «Достық үйінде» қала тұрғындарының қатысуымен 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Адамгершілік – алғыс айтудан басталады» мерекелік іс-шарасы өтті.
«Ассамблея жастары» ұйымы өкілдерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнін орындауымен басталған жиын қалалық этномәдени бірлестік өкілдерінің «Достық үйі» ғимаратының алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік даму үшін!» жалпыұлттық телекөпірі шеңберінде Елордада ұйымдастырылған мерекелік жиынды онлайн тамашалағаннан кейін көпшілікті Алғыс айту мерекесімен құттықтаған қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов өз сөзінде маңызды мерекенің мазмұны артып келе жатқанын айтты.
Салтанатты мерекелік іс-шарада «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы Еркін Бабаевқа, Шымкент қалалық «БАРБАНГ» күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Исмат Сулеймановқа Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісі мен алғыс хатын басқарма басшысы табыстады.
Ел игілігі үшін қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды анықтау, жұртшылыққа таныстыру. Адал еңбегімен абырой биігінен көрінгендерге алғыс айту мақсатын көздеген іс-шарада қарапайым еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, Алғыс айту күні елімізде 2016 жылдан бері аталып өтеді. Алғашында қазақ жеріне қоныс аударған этностардың қазақ халқына деген ақеділ алғысымен бастау алған мерекенің мазмұны соңғы жылдары кеңейіп, қоғам иігілігі үшін еңбектеніп жүрген азаматтарға алғыс айтумен жалғасуда. Мазмұны байытылған мерекені атап өтудің жаңа формасы қоғам тарапынан лайықты қолдауға ие болып отыр.
Оставайтесь на связи