Алматы қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресі өтті.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, Ассамблея мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
— Бүгінгі жиынды Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс» деген сөзімен бастағым келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» дей келе, мемлекеттік тіл мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігін қадап айтты. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын тұрақты ұйымдастырып келеді, — деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Мұрат Әзілханов елімізде 2014 жылдан бері этномәдени бірлестіктер жанында мемлекеттік тіл мен әр этностың өз ана тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келетінін айтты.
— Бүгінгі күнге дейін осындай оқыту курстарынан 81% этнос өкілдері оқудан өтіпті. Жалпы, 2011 жылдан бастап Мемлекеттік тіл оқыту орталықтарында жарты миллионнан астам ел азаматтары (513 624) қазақ тілі курстарын оқып шыққан. Мемлекет Басшылығының тапсырмасы негізінде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев өз сөзінде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы Семей өңірінде кеңінен атап өтілгенін айта келе:
— Қазақстан халқы Ассамблеясы Абай мерейтойы аясында бірқатар шаралар ұйымдастырып, этнос өкілдері жаппай үлес қосты. Биылғы Абай күні және ақын мерейтойына орай Ассамблея республикалық деңгейде онлайн поэзия фестивалін ұйымдастырды. Нәтижесінде 1000-ға жуық этнос өкілі қатысып, Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін шырқап, өз Отанының нағыз патриоттары екенін дәлелдеп шықты, — деді.
Айта кетейік, «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты респбуликалық форумға мемлекеттік тілді еркін меңгерген 14 этнос өкілі қатысып, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселелерін ортаға салып, өз ойларымен бөлісті.
Шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақ тілін меңгеру жөніндегі бірінші конгресіне қатысушылар Үндеу жолдады.
Оставайтесь на связи