Алматыда балаларға арналған тегін спорт алаңдары ашылып жатыр. Бүгінде олардың бірқатарында үйірмелер қолға алынып, өз жұмысын бастап та кетті. Ал, жаттығуға келген балдырғандарды кәсіби мамандар даярлайды.

Алмалы мен Түрксіб ауданында орналасқан спорт алаңына барып қайтқан Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов айтсын. Мұнда самбо, бокс, каратэ және шығыс жекпе-жектеріне арналған бірнеше үйірме бар. Тегін жаттығуға 6 дан 18 жасқа дейінгі балалар қатыса алады.

Сонымен қоса кей кәсіпкерлер де спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, әркез қолдау білдіруге дайынбыз, дейді. «Кәсіби спортшы ретінде бұл жобаға біз де атсалысқымыз келеді. Мұның барлығы біздің балаларымыз үшін. Себебі, дені сау халық мемлекеттің басты жетістігі», – деді кәсіпкер, Қазақстан Күрдтері «Барбанг» республикалық қауымдастығының Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Аладин Мұстафаев.

«Жалпы, Бақытжан Әбдірұлының тапсырмасымен Түрксіб ауданында жылдың аяғына дейін 40-қа жуық тегін жаттығу алаңдары осындай жасөспірімдерге ашылатын болады», – деді Түрксіб аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Әлімбетов.

Айта кетейік, қалада жыл басынан бері осындай тегін 10 спорттық алаң ашылған. Олардың көпшілігі қаланың шеткі аудандарында салыныпты. Себебі, алыста тұратын жас тұрғындарға да спортпен айналысуға мүмкіндік жасалуда.

Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы