Салим Айлазов – еліміздегі белсенді жастардың бірі. Ол – «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының мүшесі. Қазіргі кезде ол педагогика саласында қызмет етеді. Ал бос уақытында жиырма үш жастағы жас жігіт жеткіншектерге түрлі ұлттың билерін үйретумен айналысады.
Салим Айлазов 1997 жылы Жамбыл облысы Қаратау қаласы Талас ауданында дүниеге келген. Мұнда мектепті тәмамдаған соң ол елордаға көшіп келеді. 2015 жылы М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетіне «Заңгер» мамандығына оқуға түседі. Осында оқумен қоса әскери кафедрада да білім алып шығады. Бұл оқу ордасын 2018 жылы бітірген соң, жас маман ретінде өз саласы бойынша жарты жылдай уақыт қызмет етеді.
Алайда жас жігіт біршама уақыт өткен соң әскери салада қызмет етуді қалап, сол жаққа ауысуды ойластырады. Содан бір күні елордадағы мектептердің біріне алғашқы әскери дайындық пәнінен мұғалім қажет екендігі туралы хабарландыруды көреді. Мұнда сынақ мерзімінде өзін жақсы жағынан көрсеткен Салим Айлазов көп уақыт өтпей осы қызметке орналасады.
Оның хоббиі өзгелерге қарағанда өзгеше. Ол жұмыстан тыс уақытта жеткіншектерге билердің түр-түрін үйретумен айналысады. Бұл ой оған студенттік кезде келгенін айтады.
– 2018 жылдың қысқы демалысы кезінде уақытты пайдалы өткізудің амалдарын іздестірдім. Содан неге жеткіншектерге би үйретпеске деген ой келді. Арада көп уақыт өтпей мен зал тауып, екі баламен би үйірмесін бастап кеттік. Бірте-бірте бұған қызығушылық танытқандар саны көбейе түсті. Уақыт өте келе бұл ісім маған қатты ұнай бастады. Содан ары қарай жалғастыруды ойластырдым. Кейін би үйренуге келушілер саны 12-ге жетті, — дейді Салим Айлазов.
Студенттік кезінде бастаған бұл ісін қазіргі кезде де жалғастырып келеді. Ол жұмыстан қолы қалт етсе, балаларға «Лезгинка» биін үйретеді.
–Негізі би біздің қанымызда бар ғой… Би үйірмесіне еліміздегі әр түрлі ұлттардың балалары қатысады. Олардың қатарында шешен, түрік, қазақ, орыс, татар, күрд, ингуш сынды 41 ұлт өкілдерінің биге қызығатын жеткіншектері бар. Ұлты бөлек болғанымен де бір үйдің балалары секілді бір-бірімен араласады. Бір айта кетерлігі, біздің қыздарға арналған «Қамажай» және ұлдарға арналған «Қара Жорға» биіміз де бар. Соңғы екі жыл ішінде біз топтағы бишілермен 12 рет жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иелендік. Олардың ішінде тоғыз мәрте бірінші орындар алған болатынбыз. Соңғы қатысқан халықаралық ұлттық би жарысында гран-приді жеңіп алдық. Жалпы осындай жетістіктеріміз бар.
Хореограф балаларды бес жастан бастап алатынын айтады. «Әлбетте, ерте жастан үйрету өте қиын. Әсіресе бұл жастағылар ойын баласы болғандықтан үй жұмысын орындамайды. Ал сегіз жастан жоғары балалар үй жұмысын орындау керектігін жақсы түсінеді» дейді Салим Айлазов. Десе де ол кішкентай балалардың да тілін таба біледі.
– Аз уақыттың ішінде біз бірі-бірімізге жақын бауыр басып кеттік. Олар менің іні-қарындастарым секілді. Үйірмеге келген кезде балалармен ағасы секілді араласамын. Бұлар – менің шәкірттерім әрі Қазақстанның болашағы. Оларға би үйрете отырып, қосымша патриоттық тәрбие беруді де еш ұмытпаймын. Жеткіншектерге бір-біріне және айналасына мейірімділікпен қарауға, ынтымақ пен бірлікте өмір сүруге сондай-ақ достықты қадірлеуге тәрбиелеймін. Байқағандарыңыздай, дене тәрбиесімен қоса, ішкі жан-дүниенің құндылықтарын дамытуға да аса мән беремін.
Осы орайда айта кетейік, Салим Айлазов 12 жастан бастап 18 жасқа дейін қол күресімен айналысқан. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, жас спортшы аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген. «Армрестлинг спортынан дайындаған жаттықтырушымыз бізбен яғни спортшылармен «әке», «аға» сияқты араласты. Ал қазіргі кезде мен де жетекші ретінде тобымдағы биші ұл-қыздармен осындай қарым-қатынасты ұстап келемін. Менің ойымша, егер балалармен емін-еркін жақын адамындай аралассаң, олар да бойындағы таланттарын аша түспек» дейді ол.
Қазіргі кезде жас та болса осындай істермен айналысып жүрген белсенді жігіт үш тілде жетік сөйлейді.
– Мен өзімнің туған тілімнен бөлек, қазақ, орыс және аздап ағылшын тілдеріне сөйлей аламын. Бала кезімде негізінен қазақша ойлайтынмын. Бұған да өзіндік себептері болды. Өйткені бала кезімде менің қазақ достарым өте көп болды. Солармен араласа жүріп, таза қазақ тілінде оқу мен жазуды меңгерген болатынмын. Кейін университетте орысша оқыдым. Ал оны бітіргеннен бастап қазіргі күнге дейін тек қазақша ойлаймын.
Ол бос уақытында түрлі кітаптар оқығанды ұнатады.
– Менің соңғы оқыған кітабым – күрд ғалымы Надир Надировтың «Мы, курды-казахстан». Бұл кітапта автор қазақ халқы жайында өте жақсы жазған. Нақтырақ айтатын болсам, қиын-қыстау замандарда қазақ ұлтының күрдтерді өз жақынындай көріп, бауырына басқаны жайында әңгіме етіледі. Осы кітапты оқып шыққан соң мен қазақ халқын бұрынғыдан қатты жақсы көріп кеттім деуге болады. Оған қоса, соңғы уаықтта көбінесе психология бағытындағы кітаптарды оқып жүрмін.Сондай-ақ мен қазақ тілінде көптеген ертегілер мен батырлар жырын, «Абай жолын», Абайдың қарасөздерін оқып өстім.
Бүгінде Салим Айлазов – күрд этно-мәдени орталығының мүшесі.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті бір отырысына мені 2015 жылы осы этно-мәдени орталықтың төрағасы Шамо Заарұлы Фатоев шақырған болатын. Сол алғаш келгенімде маған барлығы өте қатты ұнады. Іс-шара біткен соң Шамо Заарұлы маған осында тұрақты түрде қалуға ұсыныс тастады. Мен көп ойланбастан өзімнің келісімімді бердім. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Біздің төрағамыз – жан-жақты, қайырымды, ақылды әрі өнегелі жан. Мұнда көбінесе жастарға бағытталған істерді атқара бастаған болатынмын. Өзімнің айналысатын ісімді де ұнатып қалдым. Жалпы осы ҚХА туының астына жиналған бүкіл ұлт өкілдері мені жылы қарсы алды.
Күрдтердің қазақ ұлтымен ұқсастықтары жетерлік. «Біздің ата-бабаларымыз қазақтар сияқты көшпенді халық болған. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысқан» дейді Салим Айлазов.
– Күрдтер де қазақтар сияқты өте мейірімді және қонақшыл халық. Біз қазақтармен өте ұқсас халықпыз. Мәселен, қазақша ет күрд халқында да бар. Қазақ халқы бауырсақты дөңгелек пішінде дайындаса, бізде төртбұрышты болып әзірленеді.
Арманы асқақ, мақсаты айқын Салим Айлазов замандастарына үздіксіз ізденісте болуға кеңес береді. «Отбасы мен Отанымызға қызмет ет және өмірдегі кез келген жағдайларға қарамастан адам болып қалу қажет» деп сөзін қорытындылады күрд этно-мәдени орталығының мүшесі.
Сабина Кәкімжан || 03.10. 2020
Акпараттық-танымдық портал EL.KZ
Оставайтесь на связи